Жамбыл облысында өндірістегі жазатайым оқиғадан 66 адам зардап шеккен

482

Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 43,4 пайызға артқан.  

Жамбыл облысында өндірістегі жазатайым оқиғадан 66 адам зардап шеккен Фото: Inbusiness.kz

Жамбыл облысында өндірістегі жазатайым оқиғалар азаймай тұр. Өткен жылы қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты 51 жазатайым оқиға орын алып, салдарынан 66 адам зардап шегіп, 9 адам қаза тапқан. 

2022 жылмен салыстырғанда қайтыс болғандар саны 4 адамға (2022 жылы 13 адам қайтыс болған) немесе 30,7 пайызға төмендегенімен, жазатайым оқиғалар 41,7 пайызға, ал зардап шеккендер саны 43,4 пайызға артыпты. 2022 жылы 36 оқиғада кезінде 46 адам зардап шеккен.

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақовтың айтуынша, жүргізілген талдауға сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінен – 23, жұмыскердің кінәсінен – 22 және 50/50 – тең жауапкершілікте 6 жазатайым оқиға орын алыпты. Талдау жүргізу барысында 6 оқиға жол-көлік оқиғасы салдарынан, 15 – жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруынан, 1 – қауіпсіз еңбек әдістерін оқытудағы кемшіліктерінен, 1 – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан, 28 оқиға жұмыскердің өрескел абайсыздығынан орын алған. 

"2023 жылы "Қазфосфат" ЖШС-да, "Жамбыл электр жүйесі" ЖШС-да, "Golden Compas Company" ЖШС-да және "Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы" мекемесінде жазатайым оқиғалардың саны артқан. Атап айтқанда, "Қазфосфат" ЖШС-да 2022 жылдың тиісті кезеңінде 4 жазатайым оқиға орын алып, 6 адам зардап шегіп, оның ішінде 4 адам қаза болса, 2023 жылы 19 жазатайым оқиға салдарынан 24 адам зардап шекті және оның ішінде 3 адам қаза болды. 

Сонымен қатар, "Golden Compas Company" ЖШС-да 3 жазатайым оқиға салдарынан 4 адам зардап шегіп, 1 адам қайтыс болса, 2022 жылы жазатайым оқиғалар орын алмаған. 
Ал "Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясында" 5 жазатайым оқиға орын алып, 7 адам зардап шекті, 2022 жылы 1 жазатайым оқиға кезінде 1 адам зардап шеккен.

"Жамбыл электр жүйесі" ЖШС-да 2022 жылы 3 жазатайым оқиғада 3 адам зардап шексе, 2023 жылы 3 жазатайым оқиғада 4 адам зардап шегіп, оның ішінде 3 адам қаза болды.
Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, материалдары ішкі істер органдарына жолданды" - деген Жарылқасын Әбдіғапарұлы өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша басқарма тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады. 

Еңбек инспекторларымен 2023 жылы облыста жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 185 іс-шара ұйымдастырылып, 261 бұқаралық ақпарат және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық және хабарламалық материалдар жарияланған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу