Жамбыл облысында тозығы жеткен 27 кәсіпорын бар

761

Бүгінгі таңда өңірде өнеркәсіп саласында барлығы 859 кәсіпорын жұмыс істеуде.   

Жамбыл облысында тозығы жеткен 27 кәсіпорын бар Фото: damu.kz.news

Өндіріс дамыса, өңір де өрге басады. Осы ретте Жамбыл облысында өндірістің дамуына тың серпін беру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде өнеркәсіп саласында барлығы 859 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өткен жылы кәсіпорындарда 847,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Басқарма басшысы алдағы уақытта да облысымыздың экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды тартуға айрықша басымдық берілетінін жеткізді. Сондай-ақ Аспандияр Мұраталыұлы салада бірқатар өзекті мәселелер бар екенін де жасырмады.

"Қазіргі таңда облысымызда тозығы жеткен 27 кәсіпорын бар. Өңірімізде жұмыс істеп тұрған ірі зауыттарымыздың көпшілігінде орнатылған жабдықтар ескірген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында өз сөзінде осындай кәсіпорындардың жұмысына қатаң бақылау жасап, бұл өндірістердің техникалық жағдайына, ондағы еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге назар аудару қажеттігін айтып өтті. Сондықтан, біз осындай өндірістерге кешенді жаңғырту, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында инвестиция тартуды ұйымдастыруымыз қажет.

Жалпы, қолданыстағы өнеркәсіп өндірістерін кеңейту, жаңа өнімдер шығарып, импортқа тәуелділікті төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мысалға алсақ, Мойынқұм ауданындағы "Жамбыл цемент өндірістік компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алдағы уақытта цемент өндірісінің көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға 8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Тараз қаласындағы "Жамбылгипс" акционерлік қоғамы құрғақ қоспалар өндірісін 80 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін және гипсокартон өндірісін жылына 2 миллион текше метрден 3 миллион текше метрге дейін ұлғайтуға 200 миллион теңге инвестиция салатын болады.

Осы сияқты облысымыздағы "Қазфосфат", "ҚазИрАгро", "Talas Investment Company", "Super Pharm", "Амир и Д" сияқты кәсіпорындарда да қосымша қуаттылықтар іске қосылып, облыстың ғана емес алыс-жақын шет мемлекеттерге отандық өнімдерді өткеру қолға алынуда" - дейді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу