Тараз қаласында жол-көлік оқиғасы салдарынан Жамбыл облысы ҰҚКД қызметкерлері қаза тапты, деп жазады inbusiness.kz сайты Halyqstan телеграмм арнасына сілтеме жасап.
Шөлдала массиві жағынан Бектөбе ауылына қарай бағыт алған Toyota Camry көлігі қала шекарасынан шыға бере Тараз қаласынан Айша бибі ауылы бағытында келе жатқан Mitsubishi Pajero көлігімен соқтығысқан.
31 жастағы майор Ф.Ағыбай ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапты. Онымен бірге болған әріптесі Е.Максим қалалық көпсалалы ауруханаға "жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, сол аяқтың жабық сынығы" диагнозымен жеткізілді. Алайда, келесі күні ауруханада көз жұмды. Олармен бірге болған ер адам мен әйел, сондай-ақ Mitsubishi Pajero көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі “Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.