Жамбыл облысында жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген

406

Ал кезекте тұрған тұрғындар саны – 37,6 мың. Оның 16,3 мыңы әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтан. 

   Жамбыл облысында жыл басынан бері 558 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген Фото: Inbusiness.kz

Пәтер санына шаққанда 11 айда бюджет қаражаты есебінен салынған 579 пәтер, яғни 10 тұрғын үй, жеке инвестициялық салым салынған 474 пәтер пайдалануға берілген.

Жыл соңына дейін тағы 1935 пәтер кілтін тапсыру жоспарланған.

Мәліметтерге сүйеніп, жалпы есебін шығарсақ, бір жылда 2988 тұрғын баспанаға ие болады екен. Оған "Асар" бастамашыл жобасы шеңберінде пайдалануға берілген 49 баспаны қоссақ, тұрғын үймен қамтылғандардың саны 3 мыңнан асып жығылады.

Бір қарағанда, жаман көрсеткіш емес. Бірақ кезекте тұрғандардың санын ескерсек, бұл тізім жақын жылдарда азаяды деу қиын.

Жыл сайын 3 мыңнан астам тұрғын үймен қамтылса, Жамбыл өңірінде баспана кезегінің соңында тұрғандарға әлі он жылдан астам уақыт күту қажет болады.

Демографиялық өсімді есепке алсақ, алдағы он жылда тұрғын үйге деген қажеттілік өсе түспесе, кемімесі тағы анық.

Облыста жыл соңына дейін 882 миллион теңгеге жаңа тұрғын алаптарының 869 учаскесіне инженерлік инфрақұрылым тартылмақшы.

Атап айтсақ, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы "Строитель" массивіндегі 58 алапқа, Жамбыл ауданы, Аса ауылындағы 811 алапқа инфрақұрылым жүйесі жүргізіліп бітеді деп жоспарланған.

Сондай-ақ биыл өңірде тұрғындарды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге дейін  сатып алынғаны – 123 пәтер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу