Жамбыл облысындағы 43 мекемеде интернет жоқ

1126

Жамбыл облысында цифрландыру саласында шешімін күткен мәселелер аз емес. Әсіресе елді мекендерді, білім ошақтарын, мемлекеттік мекемелерді интернет қамту жайы көңіл көншітпейді. 

 Жамбыл облысындағы 43 мекемеде интернет жоқ Фото: Inbusiness.kz

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Жамбыл облысы әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабековтің келтірген деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірдегі 367 елді мекеннің 57-сі (15,5 пайыз) – 2G, 66-сы (18 пайыз) – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетпен, 244 елді мекен (66,5 пайыз) жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Ал, талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 199-ы (53,6 пайыз) қамтамасыз етілген, қалған 170 (45,82 пайыз) елді мекен қамтылмаған.

"2023 жылғы 17 сәуірдегі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі және ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген №153 н/қ бірлескен бұйрығына облыстағы 446 мектептің 165-і сәйкес келмеді. Яғни интернет жылдамдығы 10 мбиттен төмен. Бүгінгі күнге 146 мектепте интернет жылдамдығын жоғарылатуға байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктері анықталып, 20-150 мбит/с көтерілді.

Ал, қалған 12 мектеп бойынша байланыс операторларының техникалық мүмкіндіктері болмай, StarLink спутниктік желісі арқылы қосуға ұсынылды.

Сондай-ақ, Шу ауданындағы 7 мектепте интернет жылдамдығын жоғарылатуға ағымдағы жылдың қараша айында конкурс ұйымдастырылған, аталған конкурсқа 1 ғана қатысушы қатысқандықтан келісімшарт жасалмаған. Сонымен қатар, 5 басқармаға (мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, ветеринария басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы) бағынысты мекемелердің интернетпен қамтылуына талдау жасалып, нәтижесінде 600 мекеменің 471-інде 20 мбит/с төмен, 86-сында 20 мбит/с жоғары, 43-інде интернет жоқ екендігі анықталды", - дейді Р.Нокрабеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу