Жамбыл облысында қазіргі таңда су тасқынынан ешқандай қауіп жоқ. Жағдай тұрақты. Ахуал бақылауда. Дегенмен су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр ахуалды көріп-біліп отырған облыс тұрғындарын су қоймаларының жағдайы алаңдатып тұр. Себебі "Киров" су қоймасынан су көп мөлшерде тасталса немесе басқа да түрлі төтенше жағдай орын ала қалса өңірдің көптеген елді мекенін су басу қаупі бар. Осы орайда inbusiness.kz сайтының тілшісі Жамбыл облысындағы су қоймаларының жай-күйін саралап көрген еді.
"Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыровтың айтуынша, өңірдегі су қоймаларын толтыру бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.
Бүгінгі таңда "Тасөткел" су қоймасы 94 пайызға толған. Әлі 30 миллион текше метр су қабылдай алады. Ал "Теріс-Ашыбұлақ су қоймасына 97 пайыз су жиналған. Сол секілді "Қарақоңыз" және "Қақпатас" су қоймалары 99 пайызға толыпты. Қырғыз Республикасында орналасқан "Киров" су қоймасының толу деңгейі – 80 пайыз. Су қойманың барлық су өткізу қабілеті – секундына 405 текше метр. Ал түсіп жатқан су көлемі секундына 20,8 текше метрді құрайтындықтан қауіп жоқ. Су қоймаға толық көлемде су жиналмау қаупі бар.
"Ішкі кіші өзендерден де ешқандай қауіп жоқ. Су торабтар, су қоймалар бойынша сегменттік қақпаның жұмысы, қақпасының ашылып-жабылу режимі, қақпа көтеретін моторлардың майланып, жұмыс істеуі тексерілді. "Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміндегі барлық 7 су қоймасының жұмыс істеу графигі жасалып, су тасқынын алдына алу бойынша кезекшілік ұйымдастырлып, қатаң бақылауға алынды. Су қоймалар транзиттік режимге ауыстырылды", - дейді Асқанат Пернебайұлы.
Жалпы облыс аумағында 141 гидротехникалық нысан орналасқан. Барлық су қоймалардың жалпы толымдығы 77 пайызды құрайды.
Ал Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков су тасқынының алдын алу мақсатында өңірдегі каналдар, дренаж каналдары, арық желілері мен су өткізу құрылғылары толықтай тазартылғанын айтады.
Сондай-ақ, су басу қаупі ықтимал 42 елді мекеннің 34-нен қауіп алынды, екеуінен төмендетіліпті.