"15 маусым күні сағат 03:00-де республикалық маңызы бар "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" тас жолының 544-ші шақырымында Тараз қаласы бағытында келе жатқан Scania жүк көлігінің тіркемесі өздігінен жанып кетті. Өрт жайылып, қозғалысқа кедергі келтіргендіктен, көліктердің қозғалысы тоқтатылды. Одан кейін сағат 03.40-та жанып жатқан тіркемеге 550-600 м жетпей DAF жүк көлігінің жүргізушісі келесі бағытта жолда тұрған 10 көлікпен соқтығысқан: екі Toyota Camry, Audi 100, екі Van Hool, Chevrolet Cobalt, DaimlerChrysler жолаушылар автобустары, BMW X5, Toyota Alphard, Audi 80", – деп жазылған хабарламада.
Көліктер соқтығысқаннан кейін, DAF жүк көлігі, екі Van Hool және Audi жолаушылар автобусы өртенген.
"Жол апаты салдарынан Toyota Camry көлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, тоғыз адам түрлі дене жарақаттарымен қалалық ауруханаға жеткізілді. Олардың үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды", – деп толықтырды тәртіп сақшылары.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.