Жамбыл облысында ыстық тамақ ұйымдастырылған мектептерде асхана жоқ

379

43 360 оқушыны тамақтандыруға 4 миллиард теңге қаржы бөлінген. 

Жамбыл облысында ыстық тамақ ұйымдастырылған мектептерде асхана жоқ Фото: orgpit.ru

Жамбыл облысындағы ыстық тамақ ұйымдастырылған 451 мектептің ішінде 33-інің асханасы жоқ.

Онда тамақтандыру орындары ыңғайластырылған кабинеттерге орналастырылған.

Атап айтсақ, асханасы жоқ 12 мектепте бір-бір оқу кабинетінде ыңғайластырылған асхана дайындалған.

Сондай-ақ асханасы жоқ мектептердің оқушыларын бір мезгіл ыстық тамақпен қамту үшін алдымен 3 жақын орналасқан шағын орталықта ас әзірленіп, мектептің 1 оқу кабинетінде ыстық тамақ беріледі екен. Ал 18-інде жақын орналасқан мектептерден ыстық тамақ тасымалданып, жеткізілуде.

Жалпы 33 мектепте 785 бала ыстық тамақпен қамтылған.

Байзақ ауданындағы оқушылардың мектеп асханасында улану жағдайынан кейін жергілікті билік жаппай мектептерді аралауға көшкен. Зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Сарапшылардың айтуынша, ыстық тамақ ұйымдастырылған 451 мектептен 405 асхананы кәсіпкерлер жалға алған. Жалпы көрсеткіші – 90 пайыз. Ал қалған 10 пайызы 46 жекеменшік мектепке тиесілі екен. Оларда тамақтандыру мекеменің өз базасында жүргізіледі.

Жалпы елімізде  мектеп асханаларын кәсіпкерлер 2012 жылдан бастап жалға алып, жұмыс істеп келе жатқаны мәлім. Мектеп асханаларын жалға алған кәсіпкерлердің саны – 37.

Бұл – бір кәсіпкер бір мезгілде бірнеше мектепке қызмет көрсетеді деген сөз. Тура Байзақ ауданындағыдай, оқушылардың улану жағдайынан кейін "Тоқсейітов" ЖК-нің Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиядан басқа тағы да бірқатар білім ошақтарына қызмет көрсететіні белгілі болған.

Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек биыл жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан 43 360 оқушыны тамақтандыруға 4 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтты. Яғни бір бала орташа есеппен 500 теңгеге тамақтанады.

Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныпта білім алатын 68 мыңнан астам оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 2,6 миллиард теңге бөлінген.

Айта кету керек, өңірде  жалпы білім беретін 490 мектеп бар. Ыстық тамақ ұйымдастырылған мектептер саны 92 пайызды құрайды.

Тағы 36 мектепте буфеттік тамақтану жолдары қарастырылған. Пайыздық көрсеткіші – 7,4.

3 кешкі 3 мектепте тамақтану ұйымдастырылмаған.

Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту көрсеткіші – 100 пайыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу