Жамбыл облысының бірқатар теміржол өткелдері күзетілмейді

752

Жамбыл облысы Шу ауданы Шоқпар ауылының тұрғындары елдімекенге барар жолдағы темір жол өткелі екі айдан бері  қараусыз қалғанын айтып, шағымданып жүргеніне екі айдан асты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.  

Жамбыл облысының бірқатар теміржол өткелдері күзетілмейді Фото: baq.kz

"Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның Жамбыл филиалының өкілдері өңірдегі шлагбауымы жоқ жалғыз Шоқпар өткелі емес екенін айтты. Компанияның "Жүк тасымалы" ЖШС ЖТ – Жамбыл филиалының инженері Дүйсен Сыдықовтың айтуынша, биылдан бастап Қазақстан бойынша 4 мыңнан астам өткел күзетілмейтін болыпты.

"Бұл – тиісті министрлік пен "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясының" ортақ шешімі. Егер тәулігіне сол жолдан 5 мыңдай көлік өтетін болса, ол өткелдер күзетіледі. Биыл еліміз бойынша 3 мыңдай пойыз өтетін өткелдердегі шлагбаумдар алынып тасталды. Қазір тек Шоқпар өткелі ғана емес, Жамбыл облысы бойынша бірқатар осындай өткелдер күзетілмейді", - дейді Дүйсен Тұрсынбайұлы.

"Шоқпар – Шу ауданындағы шалғай ауылдардың бірі. Темір жол арқылы барлық бағытқа пойыздар көп өтеді. Бірақ ауылға барар жолдағы өткелде қазір шлагбаум жоқ. Ауыл тұрғындары бұған қарсы. Себебі өткелден өтерде батыстан келе жатқан пойыздар көрінбей қалады. Бұл жағдай жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді", - дейді Шоқпар ауылының тұрғыны, зейнеткер Шарипа Жаманбалаева.

Шоқпар ауылының тұрғындары шағымы жалғыз бұл емес. Елді мекендегі ел-жұрт қаламаңына қатынайтын "Шу-Отар" спутнигі тоқтамаса деген тілегін жеткізді. Ауыл азаматтары осы пойызбен аудан орталығына базарға қатынап отырғандарын айтты. Разъездерде тұратын, интернатта жатып оқитын оқушылар осы пойызбен үйлеріне барып-келеді екен. Басқа көлік жоқ.

Ұлттық компанияның өкілдері "Шу-Отар" спутнигі мамыр айына дейін жүретінін жеткізді. Одан кейін бұл рейс тоқтайды екен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, қаламаңы тасымалы бойынша Жамбыл облысында дотациялық "Жамбыл-Жаңатас" рейсі ғана қалатын көрінеді. Оның өзі қыс айларында ғана жүріп тұратын болыпты.

"Шу-Отар-Мойынты рейстерінің бәрі тоқтайды, себебі жергілікті әкімдік тендер беріп қаржы бөлу керек. Бұл "Қазақстан темір жолы" компаниясының шешімі емес",– дейді бас инжинер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу