Жыл басынан бері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысының автожолдарында 2 633 тексеру жүргізіліп, 16,5 мың шақырымға жуық жол тексерумен қамтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Тексеру барысында облыстың жолдарынан 12 044 ақау анықталған. Тексеру нәтижелері бойынша жол құрылысына жауапты мекеме басшыларына орындау үшін 2 633 нұсқама берілген.
Берілген нұсқамалардың негізінде жолдарға 1 297 жол белгісі, 3 бағдаршам орнатылып, 10 мың шақырымнан астам жол таңбасы жаңартылып, 11 мың шаршы метрге жуық шұңқырларға жөндеу жүргізіліпті.
Сондай-ақ автомобиль жолдарын қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 332 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жол-техникалық инспекция қызметкерлері берген нұсқамаларды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабы 3-бөлігі бойынша Тараз қаласы әкімдігінің, Т. Рысқұлов және Меркі аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімдерінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.