Жамбыл өңірінде салынып бітпеген жол бүлініп жатыр

417

Т.Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылындағы салынып жатқан жолдың сапасына қатысты тұрғындардың өздері қоғамдық бақылау жасап, шу көтерді. 

Жамбыл өңірінде салынып бітпеген жол бүлініп жатыр Фото: Мадияр Ералы

Ауыл жолының құрылысына жауапты мердігер – "Құлан жолдары" ЖШС.

Мердігер компания құрылыс жұмыстарына жүрдім-бардым қарағаны асфальттің астына төселетін жол жабындысына қиыршық тас қоспаған. Тіпті битум да жағылмаған.

"Тұрғындардың шағымынан кейін біз қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргіздік. Сапасыз жұмыстың негізгі кемшіліктерін анықтадық. Сондай-ақ ауылға кіреберіс жолға төселген асфальттің де тегіс салынбағаны белгілі болды. Қазірдің өзінде жолда майда шұңқырлар пайда болған", - дейді "Әділдік жолы" РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Назима Жұбандықова.

Ауыл жолына "Жол активтерінің сапасы ұлттық  орталығының" өңірлік филиалы да тиісті сынамаларды алып, зерделеу жүргізген. Қорытындысына сәйкес, аудан әкімдігіне хат жолданып, кемшіліктерді жою бойынша  мердігерге ескерту жасалды.

Бұл осы аудандағы жолға қатысты шыққан жалғыз дау емес. 2 жыл бұрын "Құмарық-Юбилейное" бағытында тас жол салу үшін қаржы бөлінген. Алайда мемлекеттік сатып алуда өрескел қателіктер жіберіліп, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған.

Сапасыз жүргізілген жұмыстардың салдарынан мерзімінен бұрын тозған жолдың бірі – Талас ауданы аумағындағы "Ерназар – Қойгелді" жолы.

Қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан 2 жыл бұрын салынған тас жол уақытынан бұрын тозып кеткен.

Сондай-ақ былтыр ғана жөндеу жұмыстары жүргізілген Жуалы ауданындағы "Күйік-Теріс-Ащыбұлақ" жолы да бір жыл өтпей жатып, бүлініп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу