Жамбылда "Полиэтилен Агро" зауыты іске қосылды

1108

Жамбылда "Полиэтилен Агро" зауыты іске қосылды

Индустриалды - инновациялық даму бағдарламасы аясында 2015 жылы Таразда полиэтилен пленкаларын шығаратын "Поллиэтилен Агро" зауыты іске қосылған болатын. "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы арқылы бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай шеңберінде өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту бойынша 40,6 млн. теңгеге - жол салу, газдандыру, электр желісі және су құбыры тартылды, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "ҚазАқпарат" ХАА.

Серіктестік бау-бақша егетін шаруалардың қажеттілігін қамтып отыр. Серіктестік шығаратын тауар – пленкалар мен полиэтилен жіп. Мұндағы ені 10 метрлік пленкалар негізінен бау-бақшаға, яғни жылыжайларға арналып шығарылады. Сонымен қатар, пленкаларды азық-түлік өндірушілер тағамдардың тазалығын сақтау үшін өнімді қаптауға пайдаланады. Сол секілді полиэтилен жіптерін де көбіне ауыл шаруашылығы бағытына қолданады екен. Таза пленкаларды, азық-түлік қаптамаларын шығарғанда қалатын қалдық өнімдерді қайта өңдеп, құрылысқа қажетті материал дайындайды. Яғни, көлемді шығарылатын қоңырқай түсті пленкаларды құрылыста сыз өткізбейтін төсеніш ретінде қолданады. Серіктестікте өндіріс орнынан шыққан қалдықты пайдаға жарату көзделген. Пленканың енін 10 метр етіп шығаратын құрылғы Қытайдан әкелінді. Зауытымызды күллі әлемге бұрыннан мәлім Жібек жолының, бүгінгі үлкен күре жолдың бойына салынды. Себебі, бұл жол талай елді жалғап жатыр және оңтүстік өңірінің орталығы секілді. Яғни, тұтынушыларға да оңтайлы болуы қарастырылған. Ауыл шаруашылығы тауарларының 80 пайызы оңтүстік аймақта өндірілетіндіктен зауыт осы аймаққа салынды. Жылына 300 тоннаға дейін өнім шығарылады. Алдымен тағамдар қаптамасына, ауыл шаруашылығы бағытына қажетті таза, өте көлемді пленкаларды шығарылады. Одан шыққан қалдықтарды қайта өңдеп, полиэтилен жібі өндіріледі. Сол жіптерден қоңырқай түсті пленкалар шығарылады. Оны жол салғанда, ғимарат тұрғызғанда астына төсеуге қолданады. Өндіріс ешбір қалдықсыз. Ал шикізат Оңтүстік Корея, Италия, Ресей елдерінен алып келінеді. Қазір 50 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік жұмыс қарқыны бәсеңдемей, өнім өрісі артса, өндірістің жұмысын кеңейтпек көрінеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу