Жамбылда жыл басынан бері 104 өрт оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тапты

73

Өрттен келген материалдық шығын шамамен 10 миллион 200 мың теңгені құраған. 

Жамбылда жыл басынан бері 104 өрт оқиғасы тіркеліп, 1 адам қаза тапты Фото: gov.kz

Жамбыл облысының аумағында жыл басынан бері 104 өрт оқиғасы тіркеліп, 2 адам әртүрлі жарақаттар алып, 1 адам қаза тапқан. Өрттен келген материалдық шығын шамамен 10 миллион 200 мың теңгені құраған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, өрттердің шығуының негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі және отты абайсыз пайдалану. 
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дархан Қалдырбек өңірде өрттің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын айтады.

Облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар 2 980 тұрғын үй тізімі нақтыланған. Аталған тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 100 пайыз улы және табиғи газды анықтау датчиктері орнатылыпты. Сонымен қатар, жылыту маусымы басталғаннан бері 3 өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілген.

"Жылыту маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі айлықтары ұйымдастырылып, департамент қызметкерлері 12 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, жылыту маусымы кезінде өрттен адамдардың қаза болуының алдын алу үшін 66 мыңға жуық азаматқа нұсқаулықтар таратты.

Жылыту пештерін, электр қондырғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша 700-дей жиын ұйымдастырылды. Департаментте өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша азаматтарға кеңес беру және ақпараттандыру үшін "Жедел желі" іске қосылған. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда", - деді Дархан Қалдырбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу