Мемлекеттік рәміздер – еліміздің ең қадірлі символдары. Сондықтан қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтау – әрбір азаматтың парызы. Өкінішке қарай Жамбыл облысында мемлекеттік рәміздердің пайдалануына тексеру жүргізілгенде, көптеген заңбұзушылықтар ашылған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жуырда Жамбыл облыс әкімдігінде Мемлекеттік рәміздер жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібін тексеру қорытындысы айтылды. Жиында сөз алған Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова облыстағы мемлекеттік мекемелерге жүргізілген тексеру қорытындылары туралы хабарлады.
"Іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірлік комиссия 13-24 мамыр аралығында 312 мекемеге барып, бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге және оларға ұқыпты қарауға міндетті. Бекітілген стандарттарға сәйкес оларды жыртылған, лас немесе тозған күйде пайдалануға жол берілмейді. Алайда, 15 мекеме өз ғимараттарының қасбетінде жыртылған, өңсіз және лас Туды ілген.
Мекемелерге кіреберістегі маңдайшаларды тексеру нәтижесінде тағы 17 бұзушылық анықталды. Мысалы, кейбір мекемелер реңі кетіп, түсі қашқан Елтаңбаны ілсе, енді бірі оны қисық орналастырған. Тағы 4 ұйым ту ілінген флагштоктың дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты ескертулер алды. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік мекемелер 2021 жылдың соңына дейін "Қазақстан" деген жазуы бар ескі Елтаңбаны латын графикасында жазуы бар жаңасына ауыстыруға тиіс болғанын. Алайда, тексеру нәтижесінде 5 мекеме әлі күнге ескі үлгідегі Елтаңбаны қолданып келгені анықталды", деген басқарма басшысы Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жамбыл облысында ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды.
"Тұңғыш Президент саябағында "Менің Отаным – Қазақстан!" атты патриоттық форум өтеді. Онда еліміздің Әнұраны шырқалып, үздік патриоттар марапатталады. Мереке аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұранын бір мезгілде, яғни 4 маусым күні сағат 10:00-де қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында, кәсіпорындарда және мемлекеттік мекемелерде орындау ұсынылады. "Әр үйдегі Ту" акциясы аясында біз азаматтарды мемлекеттік туды тұрғын үйлердің терезелері мен балкондарына қоюға шақырамыз", - деді ол.