Елімізде балаларына екпе салдырудан бас тартатын ата-аналардың саны көбеймесе, азаяр емес. Жамбыл облысында 2024 жылы профилактикалық егуден 2 062 ата-ананың бас тартқаны анықталған. 2023 жылмен салыстырғанда бас тарту саны 25,8 пайызға өскен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың айтуынша, бас тартудың ең көп саны 1 жасқа дейінгі балалар арасында – 892 (43,3 пайыз), 1-2 жас аралығында – 496 (24,1 пайыз), 3-5 жаста – 455 (22,1 пайыз), 6-15 жаста – 193 (9,4 пайыз), 16 жастан асқандар арасында 26 (1,3 пайыз) бас тарту тіркеліпті.
"Қазіргі уақыттың медицина жетістіктеріне қарамастан, жұқпалы ауруларды әлі де жеңе алмай келеміз. Жыл сайын әлемде екпемен қорғануға болатын жұқпалы аурулардан жүздеген мың адам қайтыс болады және мүгедек болып қалып жатыр.
Екпе дегеніміз – балалар мен ересектерді жұқпалы аурулардан қорғайтын тиімді әдіс. Жалпы екпе жүргізу көптеген қауіпті аурулардың төмендеуіне, тіпті жойылуына алып келді. Мысалы бүкіл әлемде шешек ауруы жойылып, "А" және "В" гепатиттері, дифтерия, қызамық сияқты аурулар 100 есеге дейін төмендеді, сіреспенің бірлі-жарым жағдайлары ғана тіркелді.
Екпе жүргізудің арқасында 2024 жылы облыста полиомиелит, дифтерия, сіреспе, паротит және қызамық аурулары тіркелген жоқ. Қызылша ауруының 3,1 есеге төмендеуі байқалды. Соған қарамастан екпеден бас тартатын ата-аналар азаймай тұр. Бас тартудың негізгі себептері, яғни 61,3 пайызы (1 264) адамдардың жеке сенімдеріне байланысты. 213 ата-ана (10,2 пайыз) теріс ақпараттарға сеніп екпеден бас тартса, 585 ана-ана (28,5 пайыз) вакциналарға сенімсіздік білдірген", – дейді Н.Орынбасарқызы.