Жедел іздестіру шараларынан кейін барлық бала аман-есен табылып, заңды қамқоршыларына қайтарылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тіркелген фактілерге талдау-сараптама жүргізгенде жасөспірімдердің үйден кетуіне көп жағдайда отбасындағы жанжал себеп болғанын анықтады. Сондай-ақ тәрбие ісіне жауаптылар жасөспірімдерге ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері тарапынан бақылау аз екенін айтады. Балаларының өмірі мен мүдделеріне немқұрайлы көзқарас басым дейді.
Статистикаға сүйенсек, көбіне 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер үйден кетеді екен.
"Егер бала үйден кетіп қалса немесе кетемін деп қорқытса – бұл жағдайды елеусіз қалдырмау керек. Баланың мінез-құлқы – бұл отбасындағы жағдайдың көрінісі", – дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Жалпы жыл басынан бері түнгі уақытта қадағалаусыз көшеде, түнгі клубтарда жүрген 7 мыңға жуық жас жеткіншек полиция бөліміне жеткізілген. Олардың арасында арнайы есепке алынған кәмелетке толмаған балалар да бар.
Биыл есепке алынғандардың саны бүгінге дейін 341-ге жеткен.Мамандар бақылауға алған 336 тұрмысы нашар отбасы бар.
Өңірде ата-аналық құқығынан айырылған немесе құқығы шектелген 60 ата-ана есепте тұр.
Елімізде жыл сайын балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 6 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылады. Полицияның дерегінше, осы жылы 700-ге жуық ата-ана өз құқығынан айрылған.