Жамбылда 2026 жылға дейін 12 жаңа су қоймасы салынады

596

2023 жылы 13 суқоймасы ағымдағы жөндеуден өтсе, биыл 9 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 

Жамбылда 2026 жылға дейін 12 жаңа су қоймасы салынады Фото: andy-good.ru an

Жамбыл облысында жыл санап су үнемдеу технологиялары енгізілген егістік алқабы ұлғайып келеді. Өткен жылы тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғылары қолданылатын егістік көлемі 57,2 мың гектарға жетсе, биыл бұл көрсеткішті 65,8 мың гектарға дейін арттыру көзделуде.

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен сушаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңесте айтылды, - деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Басқосуда Ербол Шырақпайұлы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын шешу мақсатында 2026 жылға дейін кешенді жоспар бекітілгенін атап өтті. Биыл 72 ирригациялық жүйені қалпына келтіру жоспарлануда. 

2019 жылдан бастап халықаралық қаржы институттары есебінен 6 ауданда (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Шу) жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда.

Нұржан Нұржігітов су ресурстарын тиімсіз пайдалану және гидротехникалық құрылыстардың тозуы сынды мәселелерді шешу үшін 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасы қабылданғанын, жаңа Су кодексі әзірленгенін жеткізді.
Министр өз сөзінде суқоймалардағы жөндеу-құрылыс жұмыстарының барысын бақылауды күшейту, су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу, су шығынын азайту және өнімділікті арттыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Ал Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірдегі сушаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жөнінде хабардар етті. Қанатбек Қайшыбекұлының айтуынша, 2026 жылға дейін облыста жалпы сыйымдылығы 43,2 миллион текше метрді құрайтын 12 жаңа суқойма салу көзделуде. Бүгінде Меркі ауданындағы 3 суқойманың құрылысы аяқталуға жақын.

Жалпы 2023 жылы "Жамбыл суқоймалары" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміндегі 13 суқойма ағымдағы жөндеуден өтсе, биыл дәл осындай 9 нысанда жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекетті қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу