Жамбыл облысында жыл өткен сайын түрлі жаңа өндіріс орындары ашылып, нәтижесінде сыртқа шығарылатын химиялық қалдықтардың мөлшері артқан. Жылдан-жылға созылып, шешімін таппай келе жатқан қоқыс, фосфогипс қалдықтары, кәріз суы мәселесі де сол күйі өзгеріссіз қалып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жуырда Жамбыл облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы өңірдің экологиялық проблемаларын шешу жөніндегі шаралардың тиімділігі бойынша экология департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде қалдықтарды басқару, оларды орналастыру және сұрыптау көлемін есепке алу мәселелерінде жүйелі бұзушылықтар анықталған.
"Облыстың 24 полигоны экологиялық рұқсатсыз жұмыс істейтіні, 100-ден астам полигон жыл сайынғы есепті тапсырмайтыны анықталды, бұл қалдықтардың көлемі бойынша ресми статистиканың қате болуына алып келуде", – деп хабарлады Жамбыл облысының прокуратурасы.
Прокуратураның араласуынан кейін Жамбыл, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Қордай аудандарында қалдықтардың пайда болуы мен жинақталу нормаларын бекіту мәселелері бойынша тиісті актілер, сондай-ақ Жуалы, Талас, Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында тарифтерді бекіту шаралар қабылданған.
Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша стихиялық қоқыс үйінділері үшін 9 аудан әкімінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері әкімшілік жауаптылыққа тартылыпты.
Бұдан басқа, прокуратураның қалдықтарды дұрыс есепке алмау фактілері бойынша қадағалау актісімен Жамбыл облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.