Жамбылда 250 700 адам жер кезегінде тұр

1433

2005-2024 жылдар аралығында өңірде 40828 жер телімі берілген. 

 Жамбылда 250 700 адам жер кезегінде тұр Фото: Kazaknews.kz

Жамбыл облысында жер кезегіне тұрғандар саны артып келеді. Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін кезекте тұрған азаматтар саны 250 700 адамды құрап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбыл облысы әкімдігі жер қатынастары басқармасы жер есебі бөлімінің басшысы Ботагөз Боранқұлованың айтуынша, 2005-2024 жылдар аралығында жалпы 40 828 жер телімі берілген. 2015-2024 жылдары 18 160 жер теліміне инфрақұрылым жұмыстары жүргізілген. Биыл 2 900 жер телімін беру жоспарлануда.

"Тараз қаласының аумағына енген Элеватор, Қарасай, Қамуқат алқаптарында тұрғын үйлерді орналастыру мақсатында 17 шаруа қожалығын жүргізу үшін арналған жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару үшін арнайы жұмыстар жүргізілуде. Оған басты себеп, жер учаскесінің мерзімі өтуіне және оны тиісті мақсатта дер кезінде игерілмеуі болып отыр. Заң аясында жер телімі алынған сәттен бастап, үш жыл мерзімде нысан аумағында құрылыс жұмыстары іске асуы қажет. Бүгінге дейін осы талапты орындамаған тұрғындардан 236 жер телімі қайтарылды" деді Б.Боранқұлова.

Бөлім басшысының айтуынша, облыстың жер қоры тұрғындар санына шаққанда 13,5 гектарды құрайды. Десе де бүгінде халықтың едәуір бөлігі заңмен белгіленген біржолғы тегін берілуі тиіс 10 сотық жер телімін ала алмайтынын айтып, шағымдануда. Маманның айтуынша, бұған заң талаптарының өзгергендігі себеп болуда.

"Осы сұрақпен басқармаға келетіндер немесе осы сұрақты түрлі деңгейдегі жиындарда қоятындар саны өте көп. Бұл орайда мәселенің мәнісі жердің жетпеуінде емес, заңға енгізілген өзгерістерге байланысты. Біріншіден, құрылыс жүргізуге жер учаскесін беру үшін елді мекенді дамытудың Бас жоспары және жоспарға сәйкес құрылыс жүргізудің егжей-тегжейлі жоспары болуы шарт. Екіншіден, құрылыс жүргізуге бөлінген алаңдарға алдымен инженерлік инфрақұрылым желілері тартылуы керек Ал аталған мәселелерді шешу көп уақытты және бюджеттен қомақты қаржы көзін бөлуді талап ететіндігі рас. Аталған мәселелерді тез арада шешуді облыс бюджеті көтере алмауда. Осы мәселені халыққа дұрыс жеткізіп және түсіндіре білуіміз қажет" дейді Ботагөз Қуатбайқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу