Өткен жылы Жамбыл облысында 24 медицина нысанын салу көзделген. Бүгінге дейін оннан аса нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріліп үлгерді. Алайда құрылысы толықтай аяқталса да тұрғындардың қажетіне жарамай тұрған медициналық нысандар да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мәселен Байзақ ауданының Қызыл Жұлдыз ауылында 370 миллион теңгеге салынған ауылдық амбулатория әлі күнге дейін пайдалануға берілмей отыр.
Жуырда Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Қызыл Жұлдыз ауылына арнайы барып, амбулаторияның жағдайымен танысып қайтты. Халық қалаулысының айтуынша, нысанның құрылысы аяқталса да ел игілігіне берілмеуіне құжаттарының реттелмеуі себеп болып отыр екен.
"Ауылдық амбулатория құрылысына былтыр 370 миллион теңге бөлініп, сәуірде құрылыс қазығы қағылды. 4 айда бітуі тиіс болған. Алайда мердігері жыл соңына дейін созып жүріп алған. Күні кеше бітті деп қуанған елдің қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені мекемедегі медициналық құралдардың құжаты жоқ.
Ауылда 5 мың адам тұрады. Тұрғындар амалсыз тозығы жеткен ескі амбулаторияға баруға мәжбүр.
Ал 60 адамға арналған жаңа амбулаторияның құрал-жабдықтары заманауи, жұмыс істеуге жайлы жағдай жасалған. Сондықтан су жаңа салынған нысанды ел игілігіне ертерек беру керек", – дейді Г.Алданышқызы.
Ал жауаптылар амбулаторияның құжаттарына қатысты мәселе 1-2 айда реттелетінін айтады.
Нысанға тапсырыс беруші – Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасы.
Жалпы биыл облыста "АМАNАТ" партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Байзақ, Қордай және Сарысу аудандарындағы аудандық ауруханаларды қоса алғанда, 7 медициналық нысанның құрылыс жұмыстары басталады.
Сондай-ақ Таразда туберкулезбен және өкпенің өзге де ауруларымен ауыратын балаларға арналған перинаталдық орталық, жедел медициналық жәрдем станциясын және мамандандырылған санаторий ашу жоспарланып отыр.