Атап айтсақ, аудандарда Байзақта – 5, Жамбылда – 9, Жуалыда – 6, Меркіде – 6, Т.Рысқұловта – 7, Сарысуда – 2, Шуда – 4, Тараз қаласында бір мектепте кітапхана жоқ.
Ауыл мектебін былай қойғанда, бұл проблема облыс орталығындағы Қызылабад тұрғын алқабындағы №58 мектепте де бар. Онда кітапхана ғана жоқ емес, оқу бөлмелерінің өзі бар-жоғы 3-еу ғана.
Мектеп директоры Л.Ешенқұлованың айтуынша, сол 3 сыныпта 400-ден аса оқушы білім алса, оқу орны тапшы болғандықтан, қалғандары басқа мектепке қатынап оқиды екен.
Сондай-ақ өңірде 70 мектепте спорт зал жоқ. Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов бұл мәселе аймақтағы барлық 10 ауданда да кездесетінін айтады.
"Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ пен Жуалы аудандарында онға жуық, Жамбыл мен Т.Рысқұлов ауданында – 10, Таласта – 9, Шуда – 8 мектептің спорт залы, 36-сының асханасы жоқ. 108 мектеп спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмеген", - дейді Ж.Атенов.
Бір жылда бір ғана білім ошағында спорт зал мәселесі шешімін тапқан. Тағы бір мектеп асхананың жайын ретке келтірген. Ал кітапханасыз білім мекемелерінің саны сол күйі сақталып отыр.