Жамбылда 474,2 мың тонна астық жиналды

314

Жиын-терін науқаны қарқынды жалғасуда.  

Жамбылда 474,2 мың тонна астық жиналды Фото: gov.kz

Биыл Жамбыл облысында 363,4 мың гектар жерге дәнді масақты дақылдар егіліп, қазіргі таңда жиын-терін науқаны қарқынды жүруде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазірге дейін 119,8 мың гектар бидай орылып, 208,7 мың тонна өнім (1 гектардан алынған өнім – 15,9 центнер) жиналса, 168,3 мың гектар арпа орылып, 265,5 мың тонна өнім (1 гектардан алынған өнім – 15,8 центнер) қамбаға құйылды.
Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 1 319 шаруашылық масақты дақылдарды жинау жұмыстарын жүргізуде және жиын-терінге 683 техника жұмылдырылған.

– Сонымен қатар мал азығын дайындау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 276 мың гектар шөп орылса, оның ішінде 159,5 мың гектар көпжылдық және 115,9 мың гектар табиғи шабындық шөп орылды. Сондай-ақ 2,3 миллион тонна пішен, 92 мың тонна пішендеме, 370,1 мың тонна сабан дайындалып, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.
Айта кету керек, биылғы жылы 2,6 млн. тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 467,7 мың тонна сабан, 88,0 мың тонна сүрлем дайындау межеленген", дейді Жамбыл облысы әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов. 

Жиын-терін науқаны аудандарда да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен Қордай ауданының әкімі Бекзат Болатбековтің айтуынша, аймақта биыл күздік бидай 20,1 мың гектарға, жаздық арпа – 36,525 мың, көкөніс – 3,5 мың, бақша – 0,3 мың, картоп – 2 мың, дәндік жүгері – 6,5 мың, қант қызылшасы 1,025 мың гектарға егілген. Қазіргі уақытта масақты дәнді дақылдардан күздік бидай мен арпа ораққа түсіп, орташа өнімділік гектарына 15,5 центнерден келеді. Масақты дәнді дақылдарды жинауға 88 комбайн жұмылдырылған.

Аудан әкімі биыл судан тапшылық болмағандықтан өнімділік жоғары екенін, сондықтан жер емген диқандар бітік шыққан егінді шашпай-төкпей жинап алу мақсатында уақытпен санаспай еңбек етіп жатқанын жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу