Жамбылда 60 мектепте спорт зал, 31 білім ошағында асхана жоқ

1396

Сонымен қатар 13 мектепте интернет желісінің жылдамдығы (20 Мбит/с) төмен.  

Жамбылда 60 мектепте спорт зал, 31 білім ошағында асхана жоқ Фото: baq.kz

Жамбыл облысында 8 жалпы орта, 14 негізгі орта және 38 бастауыш, жалпы 60 мектепте спорт зал жоқ. Сонымен қатар бастауыш және негізгі орта білім беретін 31 мектеп асханамен қамтылмаған. Одан бөлек, 39 мектепте кітапхана жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбыл облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің жүргізген мониторингінің нәтижесінде білім ошақтарында бұдан басқа да бірқатар кемшіліктер анықталған.

"Биылғы мамыр айында 106 білім беру мекемесіне мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесі бойынша 67 білім алушының мектепішілік есепке қойылғаны және 12 келеңсіз жағдайдың орын алғаны анықталды. Сонымен қатар, 4 мектептің, атап айтсақ Тараз қаласындағы №11 мектеп, Талас ауданының Ақтөбе мектебі, Жуалы ауданының М.Ломоносов және С.Сейфуллин мектептерінің педагогикалық кеңесінде тәрбие мәселесі қаралмаған. Мектептердің ішкі және сыртқы әжетханаларының жағдайы қаралып, 3 мектепте сыртқы әжетханаларды пайдалану фактілері анықталды. Олар – Қордай ауданының №7 А.С.Пушкин атындағы орта мектебі, Талас ауданының Ақтөбе бастауыш мектебі, Шу ауданының Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебі. Мойынқұм ауданының №1, В.Терешкова, Ақбақай және Ағыбай батыр мектептерінде су тасымалданып, арнайы ыдыстарда сақталады. Ағыбай батыр мектебінде әжетхана сыртта орналасқан, ішкі әжетхана су жоқ болуына байланысты қолданылмайды", дейді Жамбыл облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев.

Департамент басшысының айтуынша, кейбір мектептерде интернет жылдамдығының төмендігі де оқушылардың білім алуына көп кедергі келтіріп тұрған көрінеді.

Өңірде 13 мектепте интернет желісінің жылдамдығы (20 Мбит/с) төмен, олар Мойынқұм және Шу аудандарында. Тіпті, ұсынылатын ең төменгі талаптарға сәйкес емес.

Департаменттің бекітілген кестесіне сәйкес бару арқылы 11 профилактикалық бақылау жоспарланған. Оның екеуі балабақшада, 8-і мектепте, біреуі колледжде жүргізіліп, нәтижесінде 10 мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілген. Биыл маусым айынан бастап Тараз қаласының прокуратурасы талабының негізінде жекеменшік балабақшаларда жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Бүгінгі таңда 22 жекеменшік балабақшада бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, нұсқама берілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу