Жамбыл облысында коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 57 434 адам тіркелген. Оның ішінде 31 055 азамат халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аталған санаттағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында облыста әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, сонымен қатар дайын пәтерлерді сатып алу тетігі қолданылуда.
Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орымбаевтың айтуынша, 2025 жылы облыста жалпы көлемі 768,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 157,9 мың шаршы метрі немесе 20,5 пайызы бюджет қаражаты есебінен, ал 79,5 пайызы жеке меншік қаражаты есебінен салынған.
"Бюджет есебінен 18,4 миллиард теңгеге 2 190 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жыл қорытындысымен 1 050 пәтерге арналған 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жеке меншік қаражаты есебінен 1 056 пәтерлі 39 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамту мақсатында 21,5 миллиард теңгеге 1 425 пәтер сатып алынды.
Ал 2026 жылы өңірде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жылдың қаңтар-ақпан айларында 82,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.Кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге бюджеттен 20,3 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 2 035 азамат баспанамен қамтылады. Оның ішінде 680-і халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері" – дейді Ерлан Құрмантайұлы.
Жалпы биыл 15,4 миллиард теңгеге 2 941 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Жыл қорытындысымен 1 685 пәтерге арналған 35 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 350 тұрғын үй сатып алынады. Бүгінгі күнге дейін "Ұлы дала" шағынауданында орналасқан 125 пәтерлі 2 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталған.