Жамбылда "Art sport" жобасын жүзеге асыруға 1 млрд 125 млн теңге бөлінгені рас па?

1163

Белгілі ақын жоба аясында бөлінген қаржының тиімді жұмсалғанына күмәнмен қарайды.

Жамбылда "Art sport" жобасын жүзеге асыруға 1 млрд 125 млн теңге бөлінгені рас па? Фото: opennews.kz

"Facebook" әлеуметтік желісінде белгілі ақын Азамат Есалы "Art sport" жайлы жазба қалдырып, жобаның араны ашылғандардарға арналғанын ашына жеткізді. Ақынның айтуынша Жамбыл облысында өткен жылы "Art sport" жобасын жүзеге асыруға бөлінген қаржының көлемі ақылға симайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Соңғы кездері "Art sport" жобасы туралы әңгімелер көп айтылады. Басқа облыстарда жобаның айналасында қамауға алынғандар да жоқ емес. Ал біздің Жамбыл облысында өткен 2023 жылы жобаға бір миллиард бір жүз жиырма бес миллион бөлініп, тоғыз жүз он екі миллион теңгесі игерілген деп жатыр. Не деген ақша?! Желге ұшқанмен бірдей ғой. Мәдениет басқармасының бастығы Ерлан Жүнісбайға қарасты облыстық халық шығармашылығы орталығы осы ақшаны қалай игерді? Орталықтың басшысы Ғани Қадірсіз дұрыс жұмсай білді ме? Ол Қадірсіздің әкесінің ақшасы емес қой. Ол ақшаны кімдер алды екен? Естуімізше жеке кәсіпкерлердің алды екі жүз, миллионға дейін алған. Ол кәсіпкерлер кімдер? Неге ашық айтылмады? Қадағалаушы органдар осы жаққа да көз қырын салып қою керек қой. Басшысы екі микрофонға екі миллион беріп екі күнге жалға алған Жүнісбай болса, қосшысы елу алты миллионнан екі ферма (далаға құрылатын сахна) сатып алып біреуін бір жылдан кейін Талдықорғанға сатып жіберген Ғани Қадірсіз ғой. Екеуіне де аса сенуге болмайды. 

Қалай болғанда да бұл халықтың салықтан жиналған ақшасы. Айтпақшы биыл сол "Art sport" жобасына бір миллиард екі жүз тоқсан бір миллион теңге бөлінген" дейді Азамат Есалы. 

Ал Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, "Art sport" – бала болашағының іргетасы. Жоба шын мәнінде балалардың мүддесін қорғайды.

"Әлеуметтік желілерде жазылып жатқан жалған ақпараттарға халықты сенбеуге шақырамын. Негізсіз айыптау – бәрімізге сын. Расымен мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесі арқылы балалар мен жасөспірімдерді үйірмелермен қамту үшін 2023 жылы жергілікті бюджеттен 1 112,5 мың теңге бөлініп, 880 миллион теңге игерілді. Қалған сома бала санының аздығынан облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына кері қайтарылды. Өткен жылы "Art sport" жобасы бойынша 8 322 балаға 38 үйірме қызмет көрсетті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №113 бұйрығымен бекітілген "Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларына" сәйкес өнім беруші операторға мемлекеттік тапсырыстың орындалуы туралы электрондық есепті ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей жібереді. Әрбір балаға қатысудың электрондық табелі оның заңды өкілінің жеке кабинеті арқылы ЭЦҚ кілтімен расталады. Осыған орай, өнім берушілердің тарапынан барлық рәсімдер аяқталған соң төлемдер жасалады", - дейді Ерлан Жүнісбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу