Жамбыл облысында жазғы лагерьлердің жетіспеушілігі байқалады. Бұл туралы "AMANAT" партиясы облыстық филиалы жанындағы Білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің төрағасы Махметқали Сарыбековтың мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Жалпы өңірде биыл балаларға арналған 12 сауықтыру лагерінің жетеуі жұмыс істеуде. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, бірінші ауысымдағы жазғы лагерьлер маусым айынан бастап жұмыс істей бастаған. Назар аударатын мәселе – облыста балалар лагері жетіспейді.
"Сондай-ақ, лагерьлердің басым бөлігі 60-70 жылдары соғылғандықтан тозығы жетіп тұр. Материалдық-техникалық базалары жаңартылмайды. Балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикада білім басқармасы мектеп жанындағы лагерьлерді жазғы лагерьлер деп есептейді. Бұл жоқтан бар жасау деген сөз.
Сауықтыру лагерьлеріндегі әрбір баланың қауіпсіздігін, олардың құқықтарының қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз ету – басты міндет. Дегенмен, бірқатар келеңсіздіктерге жол берілуде. Мысалы кеше ғана әлеуметтік желіде Берікқара лагерінде демалушы балаларға әжетхана жуғызғаны туралы ақпарат шықты.
Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті.
Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары барлығында бірдей сақтала бермейді. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес", – дейді Махметқали Нұрғалиұлы.
Ал Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың айтуынша, облыс бойынша барлығы жазғы демалыс кезінде түрлі іс-шаралармен 192699 баланы қамту жоспарланған. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасының 7454 баласын қала сыртындағы сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде және мектеп жанындағы тамақтандырумен ұйымдастыратын лагерьлерде аталған категорияның 36259 баласын қамту қолға алынып отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 658 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде мектеп жанындағы тамақтанумен жұмыс істейтін лагерьлерге 181 миллион 300 мың теңге бөлінген.