Жамбылда құрылысы бітпеген мектеп оқушылары мәдениет үйінде оқуда

495

Мойынқұм ауданы, Айдарлы ауылындағы №2 және Бірлік ауылындағы мектептердің оқушылары қыстың көзі қырауда екі ауысымда мәдениет үйінде сабақ оқуда. 

Жамбылда құрылысы бітпеген мектеп оқушылары мәдениет үйінде оқуда Фото: Д.Ахметжаев

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дәурен Ахметжаевтың айтуынша, оқушылар сабақты ауылдағы мәдениет үйінде өтіп, мешітте тамақтанып жүр екен.

 Маусым айында басталған екі ауылдағы 600 және 800 орындық білім ошақтарының ғимараттарындағы күрделі жөндеу жұмыстары биыл бітпейді. Сондықтан білім беру процесіне басқа мекемелер  ыңғайластырып, дайындаған.

Әйтсе де, мұндай оқу жүйесі қыста қолайсыздық туғызатыны сөзсіз. Алайда бар мәселе мұнымен шектелмейді. Депутаттың айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ескерілмеген түйткілдер де бар көрінеді.

"Екі мектептің де шатыры тозған. Бірақ соған қарамастан, шатырларын ауыстырмастан, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігердің жауапсыздығынан осындай кемшілік орын алып отыр. Айдарлы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы да мерзімінен кешігіп жатыр", - дейді Дәурен Ахметжаев.

Жалпы Мойынқұм ауданында осы оқу жылында ауылдағы басқа әлеуметтік нысандарға көшіріліп, сабақ өтіп жатқан мектептер тек бұл екеуі емес.

Қаңтар айында төбесі опырылып түскен Мыңарал ауылындағы К.Қасымов атындағы орта мектебінде де құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Ал апатты жағдайда деп танылған тағы бір білім ошағы – Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің оқушылары елді мекендегі әкімдік ғимаратында оқуда.

Қарабөгеттегі білім ошағын жаңадан салу үшін мектептің құрылысына облыстық қазынадан 250 миллион теңге қаржы қарастырылған.

Жамбыл өңірінде биыл жаңа 28 білім беру нысанының құрылысы басталған. Соның ішінде Жамбыл, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында бой көтерген 3 мектеп пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін Қордай ауданында – 150 орындық, Меркі ауданында – 230 орындық 2 мектептерді, Тараз қаласында 3180 орындық 4 білім ошағын, Байзақ ауданындағы Пушкин атындағы орта мектепке спорт және акт залының жапсарлас құрылысын, Сарысу ауданындағы Жаңаталап орта мектебіне спорт, акт залының және асхананың жапсарлас құрылысын, Тараз қаласындағы №6 орта мектепке спорт залының жапсарлас құрылысын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

2024 жылдың соңына дейін тағы 15 білім беру мекемесінің құрылыс жұмыстарын аяқтау көзделген. Оның 7-еуі – "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасы аясында салынған білім ошағы. Сондай-ақ 14 білім беру нысаны жөндеуден өтіп, жаңғыртылмақшы.

Айта кету керек, бүгін қатты аязға байланысты облыстағы мектептерде оқу онлайн жүйеге көшірілді.

Облыс әкімдігінің ресми мәлімдеуіне сүйенсек, өңірде ауа температурасы 25-35 градусқа күрт төмендеуіне байланысты 13 желтоқсанда Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас аудандары мектепалды даярлық және 1-11 сынып оқушыларын, Шу ауданы мектепалды даярлық және 1-8 сынып оқушыларын қашықтықтан оқуға жіберді.

Сарысу және Қордай аудандары бойынша  қашықтықтан оқуға жіберу туралы бұйрықтар жергілікті жерде 13 желтоқсан күні сағат 06.45 дейін қабылданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу