Жамбылда қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланудың 22 дерегі анықталды

256

Қызметтік көлікпен жол ережесін бұзғандарға барлығы 221 520 теңге көлемінде айыппұл салынған. 

Жамбылда қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланудың 22 дерегі анықталды Фото: zhas-zhanary.kz

Жамбыл облысында қызметтік көлікті жекеменшігіндей көретіндер азаймай тұр. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері қызметтік көлікті қызметтен тыс уақытта пайдаланудың 22 дерегі тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мәселен Жамбыл облысы әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының қызметтік автокөлігі 4 сәуірде түнгі сағат 00:44-те, яғни жұмыстан тыс уақытта "Тараз-Қайнар" тасжолының 476,55 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы анықталған. Салынған әкімшілік айыппұлдың мөлшері – 36 920 теңге. Сол секілді Байзақ ауданы Дихан ауылдық округі әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі 30 наурызда сағат 15:56-да (демалыс күні) "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" автодәлізінің 351 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әкімшілік айыппұлдың мөлшері – 18 460 теңге.

– Сонымен қатар Меркі ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі 21 сәуір демалыс күні түнгі сағат 03:19-да "Алматы-Бішкек" тасжолының Қаскелең қаласына қарай бағытта жылдамдықты асырғаны үшін, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі 4 мамырда кешкі сағат 19:00-де (демалыс күні) Тараз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін, Қордай ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігі 16 маусымда түнгі сағат 02:11-де (демалыс күні) Тараз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметтік автокөлігі 5 мамырда кешкі сағат 18:40-та (демалыс күні) Тараз қаласында жылдамдықты асырғаны үшін және Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметтік автокөлігі 23 мамырда түнгі сағат 00:13-де (жұмыстан тыс уақытта) "Батыс Еуропа–Батыс Қытай" тасжолының Кенен ауылында жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әр көлік жүргізушісіне 18 460 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған, – дейді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Еламан Інжат.

Сонымен қатар Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының қызметтік автокөлігіне 25 наурыз күні таңғы сағат 06:19-да "Меркі–Шу–Бурылбайтал" тасжолының 191 шақырымында жылдамдықты асырғаны үшін 36 920 теңге көлемінде айыппұл жазылған. Ал Жуалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметтік автокөлігіне 11 наурыз күні таңғы сағат 05:05-те "Шымкент–Тараз" тасжолының 534,62 шақырымында жол ережесін бұзғаны үшін 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Басқарма мамандарының айтуынша, қызметтік автокөліктерді жұмыс уақытынан тыс уақыттарда пайдалану бойынша Жамбыл ауданында – 4 дерек, Меркі ауданында – 3, облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты бөлімдерде – 3, Байзақ ауданында – 2 және Мойынқұм ауданында 1 дерек тіркеліп, айыппұлдар жазылған.

Қызметтік көлікпен жол ережесін бұзғандарға барлығы 221 520 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Руслан Шарипов әрбір деректер бойынша жіті тексеріс болатынын айтады.

– Бұл – мемлекеттік қызметтің нормасына сай келмейтін жағдай. Қызметтік көлік тек қызмет барысында пайдалануы керек. Сол себепті біз қызметтік көліктерді демалыс немесе жұмыстан тыс уақытта пайдаланған адамдарды анықтап, шара қабылдайтын боламыз. Ол үшін нақты тексерістер жүргізіледі, – дейді Р.Шарипов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу