Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдары 174, кіші түрімен қоса алғанда 281 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша 6,3 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілген, деп inbusiness.kz тілшісі.
"ҚР Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заң талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті атқарушы органдардың ішкі бақылау жұмысына жауапты қызметкерлері бекітілген жылдық жоспарларға сәйкес 60 бақылау шарасын жүргізіпті. Тексеру жұмыстарының барысында жалпы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзудың 863 фактісі анықталған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін (бизнес-процесін) бұзудың – 500, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің бекітілген стандартында көзделген құжаттардың толық топтамасы болмаған кезде мемлекеттік қызметті көрсетудің – 192, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартымен көзделген жұмыс кестесін сақтамаудың 68 фактісі тіркелген. Сондай-ақ бекітілген стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету бойынша – 7, заңнаманың өзге де талаптарын бұзуға қатысты 96 жағдай орын алған.
"Осы жылдың бірінші жартыжылдығында жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету барысында барлығы 28 мерзім бұзу фактісі тіркелген. Атап айтқанда, Қордайда – 12, Меркіде – 4, Т.Рысқұлов пен Сарысу аудандарында – 3, Мойынқұмда – 2, Жуалы, Шу аудандарында 1 мерзім бұзылған жағдай болған. Сол сияқты облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігі білім басқармасында да көрсетілген қызмет барысында мерзім бұзушылыққа жол берілген. Аталған кемшіліктерге себеп болған 11 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 12 қызметкерге 517 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Есепті кезеңде Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарының жүйелі түрде заңбұзушылықтарға жол бергенін атап өткен жөн. Мәселен, жер қатынастары саласында – 15, ауылшаруашылығы мәселесі бойынша – 6, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты 3 заңбұзушылық орын алды. Мерзім бұзу фактілерінің орын алуының басты себебі – "Е-лицензиялау" ақпараттық жүйесін уақытылы қарамау. Яғни мемлекеттік көрсетілетін қызметке жауапты мамандар өздеріне жүктелген міндет бойынша жауапкершілікке салғырт қараса, басшылық тарапынан да қадағалау деңгейі төмен болған", - дейді Жамбыл облысы әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалия Боранбаева.