Жамбылда ортағасырлық керуен-сарайдың орны табылды

585

Керуен-сарайдың орны Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан 13 шақырым жерде жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жамбылда ортағасырлық керуен-сарайдың орны табылды Фото: Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты

Ғалымдар Қаратау тау бөктеріндегі тарихи нысанды ортағасырларға жатқызып отыр.    

"Керуен-сарайдың дәуірлеп тұрған кезеңі Қараханидтер әулеті билік еткен жылдар болса керек. Саяхатшыларға Қаратау бөктерінен өту кезінде уақытша тұрғын үй ретінде қызмет еткен. Ұлы Жібек жолы Жамбыл облысының аумағы арқылы өткен. Бұл нысан жол бойына жақын жерде болғандықтан, керуендер аялдап дем алып, саудасын жүргізетін сарайлар болуы қисынға келеді", - дейді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Әкімбек.

Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде екі ғимараттың іргетасы мен қабырғаларының сынықтары табылған. Нақты салынған кезең – біздің заманымыздың XI-XII ғасырлары.

Археологтар Күйік асуының оңтүстік жағында Нұрлыкент ауылының маңынан осындай тұрақтардың орнын тапқан болатын. Екі керуен-сарайдың орналасқан аумағына қарап, мұны керуендерге арналған маршрут деуге болады.

"Асудан өткеннен кейін саяхатшылар осында тоқтаған. Табылған археологиялық материалдар осы растап отыр. Мұнда табылған су құбырының керамикалық сынықтары керуен-сарайға ауызсу жүйесі тартылғанын көрсетеді", - деп түсіндірді институттың ғылыми қызметкері Несіпбай Нұрғали.

Қазба жұмыстары кезінде әртүрлі керамикалық бұйымдар да табылған. Олар әртүрлі өрнекпен жасалған. Осыған қарап археологтар әр аймақтың керамикалық ыдыстар жасау технологиясы бөлек болған деген тұжырымға келіп отыр.

Археологтардың Қаратау тау бөктерлерінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанына 3 жыл болды.

Ғалымдар керуен сарайлардан табылған заттардағы өрнектерге қарап оның басқа жерде кездеспейтінін байқадық дейді. Бұл ғалымдарға осы аймақта орта ғасырларда керамика жасау технологиясы жақсы дамыған деген қорытынды жасауына түрткі болып отыр.

Археологтар керуен-сарай орнында әрі қарай да қазба жұмыстары жалғастыра бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу