Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20,54 пайызға артық. Өрттен 466 адам құтқарылса, 572-сі қауіпсіз орынға көшірілген. Ал 15 адам тілсіз жаудың кесірінен ажал құшқан.
ТЖД басқарма бастығы Мақсат Әкімбаевтың айтуынша, ажал құшқан 15 адамның 11-і тұрғын үй секторында орын алған өрттің кесірінен көз жұмған.
"Өрт оқиғаларының барлығы алкагольді пайдалану кезінде және төсекте жатып шеккен темекі шоғынан тұтанған. Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Жамбыл облысында осал топтағы 5219 тұрғын үй есепке алынды", - дейді ТЖД басқарма бастығы.
Дерекке сүйенсек, жалпы өрттен келген материалдық шығын 161 миллион 804 мың теңгені құрайды.
Ал тіркелген өрт сөндіру жұмыстарының ең ұзақ уақыты – 3 сағат 20 минут.
"Бұл оқиға 3 қазанда орын алған. 101 пультіне сол күні сағат 14.44-те Тараз қаласы, "Қарасу" ықшамауданындағы 4 қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде 14 техника мен 50 адамдық жеке құрам жөнелтіліп, өртсөндіруші-құтқарушылар жедел түрде үй тұрғындарын эвакуациялауға кіріседі. Өртсөндірушілердің жедел әрекетінің нәтижесінде 50 адам, оның ішінде 20 бала эвакуацияланды. Өкінішке қарай, барлау барысында төртінші қабатта 1981 жылы туған ер адамның денесі табылды", - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Жақсылық Бекбергенов.
Тұрғындарды құтқару кезінде жеңіл дәрежелі күйік алып, Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға прапорщигі Бекмұрат Сұрабалдиев ауруханаға жатқызылды.
Жақсылық Бекбергеновтің айтуынша, тілсіз жауды ауыздықтаудың жалпы орташа уақыты 38 минутты құрайды. Облыс бойынша өрт орнына жету уақыты 1-5 минутқа дейін.
"Өрт сөндіру қызметінің техника паркінде 133 автокөлік бар. Бірақ саннан сапа маңызды екені түсінікті. Біздің қолданыстағы көліктеріміздің басым бөлігі ескірген. Пайдалану мерзімі 20 жылдан асып кеткен 14 техника бар", - деп түсіндірді азаматтық қорғау майоры.
Айта кету керек, облыстың елді мекендерінде барлығы 8 505 өрт гидранты және 147 өрт су айдыны бар. Оның ішінде 2 130 өрт гидрантта ақау бары анықталған. Жарамсыз өрт су айдындарының саны – 43.