Жамбыл облысына қарасты Т.Рысқұлов ауданының Рахым Сәбденов ауылында сағатына 3 000 литр минералды ауызсу шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің айтуынша, екі кезең бойынша іске асырылған жобаға "Парус-Т" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 200 миллион теңге көлемінде инвестиция салған. Жобаның құрылыс жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталған. Ал осы жылдың басында қытайлық мамандар кәсіпорынды іске қосу бойынша нақты жұмыс атқарған.
"Жаңа зауыттың құрылыс жұмысына 30 адам тартылды. Өндіріс ошағында 15 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады", деген Ернар Есіркепов бүгінде жалпы құны 16,1 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.