Жамбылда субсидия "списоктың" соңындағыларға бірінші беріліп келген

1281

Мониторинг нәтижесінде 243 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің субсидиялары төленді.

Жамбылда субсидия "списоктың" соңындағыларға бірінші беріліп келген Фото: gov.kz

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан субсидия өтінімдерін қарау кезінде кезектілікті сақтамау фактілерін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Субсидиялау саласына жүргізілген мониторинг барысында субсидия төлеу кезінде кезектілікті жүйелі түрде сақтамау, субсидияны уақытылы төлемеу және жекелеген шаруаларға артылықшылық көрсету түріндегі жемқорлыққа алып келетін тәуекелдер анықталған.

Мысалы, 2023 жылғы шілде айында кезекке тұрған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімдерінен бұрын кезекке кейінірек тұрған, яғни, 2023 жылдың қазан айындағы өтінімдер қаралып, оларға субсидия төленгендігі белгілі болған.

Аталған кемшіліктер субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі мен "Қазынашылық" ақпараттық жүйелері арасында интеграцияның жоқтығынан және жекелеген қызметкерлерде дискрециялық өкілеттіктердің болуынан орын алған.

Департаменттің ұсынысынан кейін Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы субсидия төлеу бойынша төлем құжаттарын қарау алгоритмін бекітті және дер кезінде қаралмаған 243 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің субсидиялары төленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу