Бүгіннен бастап жамбылдықтар Ұлыстың Үлы күнін мерекелеуді бастап кетті. Әр күнгі мерекеге арнайы ат қойылып, айдар тағылып отыр. Мысалы, бүгін қалалық мәдениет үйі алаңында "Амал күніне" арналған шара ұйымдастырылып, бауырсақтар таратылды.
15 наурыз – "Тағзым" күні деп аталып, қасиетті жұмада ата-баба рухына Құран бағышталады.
16 наурыз – "Алас" күні жалпыхалықтық сенбілік өткізіледі.
17 наурыз – "Мейірім" күні көпбалалы аналарға, әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж жандарға қайрымдылық жасалады.
18 наурыз – "Ынтымақ" күні аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттауға ба,ытталған қойылымдар ұйымдастырылады.
19 наурыз – "Жаңару күні". Яғни, жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге әкімдердің атынан дайындалған арнайы құттықтаулар әзірленіп, сәбилерге қажетті сыйлықтар беріледі.
20 наурыз – "Береке күнінде" қаланың бірнеше елді мекендерінде, аудандарда жергілікті кәсіпкерлердің ауылшаруашылық өнімдерінен төмен бағамен жәрмеңке ұйымдастырылмақшы.
Ал 21 наурыз – Ұлыстың Ұлы күнінде Тараз қаласы мен аудандарда күрделі жөндеуден өткен нысандар пайдалануға беріліп, сол нысандарда арнайы қойылымдар, концерттер ұйымдастырылады.
22 наурыз – "Жаңа күн", яғни облыс және аудан тұрғындары жалпы халықтық серуенге шығады. Тұрғындары өз жақындарын, туыстарын, көршілері мен алыс-жақын ағайындарын мерекемен, "Жаңа жылдың" алғашқы "Жаңа" күнімен құттықтайды.