Жамбылда жыл басынан бері коронавирус жұқтырудың 34 дерегі тіркелді

1375

Қазіргі таңда өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты. 

Жамбылда жыл басынан бері коронавирус жұқтырудың 34 дерегі тіркелді Фото: gov.kz

Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны көбеюде. Ең көп жағдай Алматы және Астана қалаларында тіркелген. Ал Жамбыл облысында жыл басынан бері коронавирус жұқтырудың 34 дерегі тіркеліпті. Қазіргі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирусқа шалдыққан 2 науқас емделуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев елімізде коронавирустың басқа штамдарының көптеп тіркелуіне байланысты бүгінде қауіпсіздікке баса мән беріліп, денсаулық сақтау мекемелерінде індеттің алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

Қазіргі таңда өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты.

"КВИ бойынша дерт ағыны жеңіл түрде өтіп жатыр. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Індеттің қайта өршуіне жол бермес үшін профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ десек болады.

Одан бөлек халықты алаңдатып отырған тағы бір мәселе – әлемде "Маймыл шешегінің" көптеп тіркелуі. Біз қауіп-қатерді тұрақты қадағалап, көрші елдердегі эпидемиологиялық жағдайды бақылап отырмыз. Әсіресе Африка елдерінен, инфекция тіркелген басқа да елдерден келген азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Ауру таралған елдер тізімі үнемі жаңартылып жатыр. Ғалымдардың пікірінше, осы инфекциялық аурудың жұқпалылығы жоғары емес. Қазақстан аумағында таралу қаупі төмен.

Бүгінгі таңда "Маймыл шешегіне" қатысты іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Дәрі-дәрмектің қажетті қорын қалыптастыру үшін тиісті шаралар қабылданды. Медицина қызметкерлері диагностика мен емдеу әдістерін оқып жатыр. Бүгінде төтенше жағдай үшін ұлттық іс-қимыл жоспары мен бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында", - дейді Ерік Мұсабаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу