Жамбыл облысында мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі әлеуметтік зерттеу нәтижесі бойынша 94,7 пайызды құрап отыр. Этнос өкілдерінің 77,5 пайызы қазақ тілін меңгерген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі облыстық іс-қимыл жоспарына сәйкес облыстық деңгейде 4 индикатор белгіленген.
Бірінші – мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі. Екінші – мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі. Үшінші – қазақ тілінің латынграфикалы әліпбиін пайдаланатын жазба коммуникациясына қатысушылардың үлесі. Төртінші – жетілдірілген әдістемемен мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткендер саны.
Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, облыста мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасындағы индикатор бойынша 2024 жылы тіл үйренушілер саны 4 637-ге жетіпті.
Оның ішінде мемлекеттік тілде 4 052 тыңдаушы қамтылыпты (81,7 пайызы өзге этнос өкілдері), орыс тілін оқу курстарына 30 тыңдаушы, ағылшын тілін үйрету курстарына 555 тыңдаушы тартылған. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға бағытталған 148 іс-шара ұйымдастырылып, 5 мыңға жуық адам қамтылған.
"Жамбыл облысында мемлекеттік тілді үйренушілердің индикаторлық көрсеткіші 2025 жылға 4 135 адам болып бекітілді. Жыл басынан тіл оқыту курстарына тартылған тыңдаушылардың саны 1 941 адам болды. Оның ішінде мемлекеттік тіл курсына 1591 тыңдаушы (79,1 пайызы өзге ұлт өкілдері), ағылшын тілі курсына 350 адам қатысты. Дегенмен, Тараз қаласы және аудан әкімдіктері тіл оқыту курстарын жабдықталған кабинеттермен қамтамасыз етуі және өз аумағындағы тұрғындарды мемлекеттік тілді үйрену курсына тарту жұмыстарын ұйымдастыруы қажет. Мемлекеттік тілді үйренушілердің индикаторлық көрсеткішін уақытылы іске асыру басты назарда болуы тиіс", - дейді Е.Жүнісбай