Жамбылдағы кәсіпкерлік нысандардың 42 пайызын әйелдер басқарады

708

Қыз-келіншектер жетекшілік ететін кәсіпкерлік субъектілерінде 48 мың адам жұмыспен қамтылған. 

Жамбылдағы кәсіпкерлік нысандардың 42 пайызын әйелдер басқарады Фото: dknews.kz

Елімізде жыл сайын кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының өсу үрдісі байқалуда. 2023 жылдың қорытындысымен жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 106 779-ды құрайды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,3 пайызға өскен. Ал өңірде әйелдер басшылық ететін кәсіпкерлік субъектілердің үлесі – 42 пайыз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер санының өсуі жұмыспен қамтылған адамдар санының артуына ықпал етуде. Бүгінгі таңда облыста әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны – 48 мың. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 30 пайызын құрайды. Сондай-ақ өткен жылы облыста 2 780 әйел кәсіпкерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Мәселен 2023 жылы 512 әйел кәсіпкер "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары шеңберінде барлығы 13,2 миллиард теңге мемлекеттік қолдауға ие болған.

Ал, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өңірде өткен жылы әйел кәсіпкерлерді дамыту орталығы ашылғанын, осылайша, ауылдық жерлердегі қыз-келіншектерді бизнеске баулу басталғанын айтады. Оның айтуынша, әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті арасында меморандумға қол қойылған. Бұдан бөлек, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағытында іске қосылған "Бір ауыл – бір өнім" пилоттық жобасы аясында 50-ге жуық әйел кәсіпкер жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, "Мен кәсіпкер" жобасының шеңберінде 274 қызмет көрсетілсе, 698 азаматшаға кеңес берілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу