Жамбылдағы онкологиялық диспансер қашан қолданысқа беріледі?

569

Жамбыл облысында құны 13,9 миллиард теңгені құрайтын 200 орындық онкологиялық диспансердің құрылысы аяқталып, емдеу мекемесі іске қосылады дегелі 2 жыл өтті.  

Жамбылдағы онкологиялық диспансер қашан қолданысқа беріледі? Фото: bolnica.kz

Жоспарға сәйкес, нысан 2021 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тараз қаласындағы 14-шағын ауданда бой көтерген нысанның мердігері – "Тур-Ахмет и Компания" ЖШС.

Былтыр Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталғанын, жыл ішінде диспансердің іске қосылатынын айтқан. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, өңірді дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті кезеңде салада 86 жоба іске аспақ. Соның бірі – осы онкологиялық диспансер.

Нақтырақ тоқталсақ, 86 жобаның 19-ы облыс бойынша жоспарланған ірі құрылыс нысандары. 15 денсаулық сақтау нысаны мен 2 емхана, Байзақ ауданында 250 келушіге арналған емхана салынып, Тараз қаласында 200 төсекке арналған облыстық онкологиялық диспансерінің құрылысы жұмыстары жалғасады.

Сондай-ақ, 6 дәрігерлік амбулатория мен 18 медициналық пункт, 2  фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қосымша 17 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Елімізде жыл сайын онкологиялық аурулардың 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. 190 мыңға жуығы диспансерлік есепке алынған.

Еске сала кетсек, Қазақстанда онкологиялық көмекті жетілдіру Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Жоғары медициналық онкологиялық көмекті "Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты" АҚ, "Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық" АҚ республикалық ұйымдары көрсетеді. Өңірлерде  дертті жандарға керекті медициналық көмек көрсететін 15 онкологиялық диспансер жұмыс істеп тұр. 5 онкологиялық бөлімше және 452 онкологиялық кабинет бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу