Жаңа Жамбыл фосфор зауытында болған жарылыста химиялық күйік шалған екі жұмысшының біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Зауытта итеруші болып жұмыс істейтін Данияр Ормановтың денесінің 22 пайызын күйік шалған. Ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Ал цехтың шикізат дайындау жөніндегі жетекші инженері Шахадияр Қалдыбай 15 пайыз күйікпен жалпы бөлімге жатқызылған.
Мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрылды. Алдын ала болжам бойынша, жарылысқа қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған.
"Жамбыл фосфор зауытындағы жарылыс фактісі бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бастапқы тергеу амалдары еңбек инспекциясымен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Екі жәбірленуші де ауруханаға жатқызылды. Тергеу барысы бақылауда", – деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.