"24кз" ақпаратына сәйкес, жарылыс салдарынан жарақат алғандардың саны 66 адамға жеткен. Алты адам ауыр халде жатыр. Облыстық бірыңғай диспетчерлік қызметке 473 қоңырау түскен. Көбі эвакуация мәселесімен хабарласқан. Оларға мыңға жуық орын дайындау қарастырылып жатыр. Ондағы тұрғындар қандай да бір мәселе бойынша 109 нөміріне хабарласа алады.
Еске сала кетсек 26 тамыз күні сағат 19:00-де Жамбыл облысы, Байзақ ауданында қуатты жарылыс болды. Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шықты. Өрт салдарынан белгісіз заттың жарылысы орын алды.
"Өрт салдарын жою бойынша жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. ТЖМ, ІІМ бөлімшелері жұмылдырылды. Темір жол уақытша тоқтатылды", - деп жазды Президент.
Оның хабарлауынша, Жамбыл облысына Қорғаныс министрі мен Ішкі істер министрінің төтенше жағдайлар жөніндегі орынбасары ұшып шыққан. Жарылыс болған маңдағы ауылдардың тұрғындары эвакуацияланып жатыр. 30-ға тарта облыстық ТЖ жөніндегі департаменттің қызметкері мен әскери қызметкерлер жарақат алған.