Жамбылдағы жылу желілерінің тозу деңгейі 55,5 пайызды құрайды

808

Биыл облыстың отын-энергетика кешендерімен алдағы жылыту маусымына дайындық шараларына жалпы 15,3 миллиард теңге қаралған.

Жамбылдағы жылу желілерінің тозу деңгейі 55,5 пайызды құрайды Фото: gov.kz

Жамбыл облысы бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 350,7 шақырым. Бүгінгі таңда коммуналдық желілердің тозу деңгейі 55,5 пайызды құрайды. Жалпы биыл облыстың отын-энергетика кешендерімен алдағы жылыту маусымына дайындық шараларына жалпы 15,3 миллиард теңге қаралған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Сондықтан да әбден тозығы жеткен жылу желілерін жаңғырту – облыстағы ең өзекті мәселенің бірі. Биыл тиісті жұмыстар қолға алынып, 7,1 миллиард теңгеге Тараз қаласындағы "М-1" жылу магистралы қайта жаңартылуда. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің сөзіне сүйенсек, биыл жоспарлы 6,1 шақырым жылу желілерінің 4,6 шақырымы ауыстырылады.

"Сондай-ақ, Қаратау қаласының 3,9 шақырым (342,5 миллион теңге) және Жаңатас қаласының 700 метр жылу желілері (148 миллион теңге) қайта жаңарды. Қаратау қаласындағы резервтік мазут шаруашылығын (653,9 миллион теңге) және жеке қазандығын қайта жаңғырту (680,8 миллион теңге), Жаңатас қаласының орталық қазандығын мазут-газбен жұмыс істеуге ауыстыру (4,2 миллиард) іске асырылуда. Бұл жобаларды тиімді аяқтау үшін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының қолдауымен қаржы мәселесі шешілді. Алдағы жылыту маусымына Жаңатас қаласының жылу  қазандығына 11,9 мың тонна мазут алуға қажетті 1,6 миллиард теңге облыстық бюджеттен берілді. Жалпы жылыту маусымында тұрғындар 145,0 мың тонна көмір тұтынады. Ал, бюджеттік ұйымдардың көмір тұтыну жоспары – 63 мың тонна. Бүгінгі күнге бюджеттік ұйымдарға 38,4 мың тонна көмір жеткізілді", – дейді Қ.Қайшыбекұлы.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары айтып өткен Тараз қаласындағы М-1 жылу магистральдық желісін қайта жаңарту жұмыстарының ұзақ уақытқа созылуы тұрғындардың наразылығын туындатып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Қала тұрғындары жылыту маусымы басталғанға дейін құрылыс жұмыстарының аяқталатынына күмәнмен қарайды. Дегенмен, Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жариялаған мәліметтерге сүйенсек, құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.

"М-1" магистральдық желісі 1990 жылдан бастап 34 жыл бойы үздіксіз пайдаланып келеді. Ал құбырдың пайдалану мерзімі нормативтік ресурсы бойынша 25 жылды құрайды.

2023 жылы "Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы "М-1" жылу магистралін қайта жаңғырту" жұмыс жобасы әзірленіп, мемсараптаманың оң қорытындысы алынды. Жылу желісінің жалпы ұзындығы 6 138 м құрайды. Жобаның жұмыс ұзақтығы – 9,5 ай.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 19 сәуірінен басталды. Құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде. Абаттандыру, жолдың асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары 1 қазанға дейін жоспарлануда" дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу