Жамбылдық диқан үй ауласынан ауқымды қойма жасады

529

Қоймада 200 тоннаға дейін көкөніс сақтауға болады.

Жамбылдық диқан үй ауласынан ауқымды қойма жасады Фото: inbusiness.kz

200 тоннадан астам көкөніс сақтауға болатын қоймада Азамат Комолов желтоқсан айына дейін қауын-қарбыз сақтайды.

"Күзгі жиын-терім кезінде жинап алған өнімдерімді қыстай қоймада сақтаймын. Ерте көктемге дейін сақтағандарымызды қолжетімді бағада әйелім екеуіміз Меркідегі орталық базарға саудалап шығамыз. Көп тапсырыс беретіндер үйге көлікпен келіп, көтерме бағамен тиеп алып кетуіне де болады", - дейді А.Комолов.

Қауын-қарбызды желтоқсаннан әріге асырып сақтау мүмкін емес. Ал асқабақ одан да ұзақ уақыт тұра береді. Бақшашының айтуынша, биыл асқабақ мол өнім салыпты.

Өнімділік дегенде, асқабақтың ішінде үнді асқабағының тұқымы аса өсімтал көрінеді. Азамат Комолов көктемде ауласындағы 5-6 сотық жерге осы тұқымның 5 қана дәнін егіп, сонысы 1 мыңдай түйін салыпты.

"Асқабақ топырақ құнарлы, ылғалды болса, жапырақ жайып, ұзынға бойлап, желі байлай береді. Ал менің бақшамдағы өсірген көкөністердің өнімділігінің сыры – тамшылатып суару технологиясында", деп түсіндірді ол.

Асқабақтың пісіп, үзуге жарап қалғаны 700-ге жуық. Түйіні енді үлкейіп жатқаны 300-дей екен. Әлі гүлдеп, әлі түйін салып жатыр.

Үнді асқабағының тұқымы Жамбыл өңірінде кең таралған. Мамандар сыртқы пішіні алмұртқа ұқсас, 1,5-3 келі өнім беретін бұл асқабақтың денсаулыққа да пайдасы бар дейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу