Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қызылқайнар ауылының тұрғыны Бағлан Сауранбаев балық шаруашылығымен 7 жылдан бері айналысып келеді. Әуелде жанына серік еткен шаруашылық түрімен тек қызығушылық ретінде шұғылданса, кейіннен бұл саланы дамытып, мықтап қолға алған. Соның нәтижесінде "Golden Fish" шаруа қожалығын ашып, балық түрлерін көбейте білген. Алдағы уақытта кәсіпкер облыста алғаш болып балық жемін өндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бағлан Нұрланұлының айтуынша, балық өсірушілердің ең үлкен мәселесі – жемінің тапшы болуында. Жалпы балық жымық пен жүгері, бидай мен арпадан бөлек, арнайы балық ұны мен түрлі дәрумендерді тұтынады екен. Ал, мұндай дәнді дақылдардан құралған құрама жемді ел аумағы бойынша Алматы қаласында ғана өндіретін көрінеді. Сол себепті де кәсіпкер біраз жанға беймәлім болып келген ерекше кәсіпке бел шеше кіріскен. Осы мақсатта өз есебінен 60 миллион теңгеге нысан аумағында екінші цех құрылысын бастауды ниет етуде. Құрылысын келесі айға жоспарлаған цех облыстағы алғашқы балық жемін өндіруші өндіріс орны болмақ.
"Бүгінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылыс нысанының аумағы айқындалып, құжаттары рәсімделуде. Егер бәрі ойдағыдай іске асса, құрылыс жұмыстары келесі айда басталып кетеді. Алдын ала жоспар бойынша ғимараттың осы бөлігінде құрама жем дайындауға арналған құрылғылар – экструдерлер мен грануляторлар, арнайы кептіргіш және ұнтақтағыш құрылғылар орналастырылады. Сол арқылы сатылымдық бағыттағы уылдырықты көбейтуді мақсат етудеміз", дейді Б.Сауранбаев.