Жамбылдық кәсіпкер сабын сатып, табыс тауып отыр

657

Таудан теріп алғаш шөптерді қайнатып, сабын жасап сатып жүрген жамбылдық кәсіпкер өз өнімінің емдік пайдасы бар екенін алға тартады.

Жамбылдық кәсіпкер сабын сатып, табыс тауып отыр Фото: inbusiness.kz

Ардақ Кәмілжанқызы –  Т.Рысқұлов ауданындағы Қайыңды ауылына Қытайдан көшіп келген қандасымыз. Көрші елде сабын шығаратын зауытта жұмыс істеген ол бұл кәсіптің қыр-сырын толық меңгеріп алыпты.

"Қытайда шипагерлікпен айналысатындар көп. Түрлі емдік қасиеті бар шөптерді жинап, одан түрлі өнімдер жасайды. Бұл бір жағы – табыс, екінші жағынан сатып алушы үшін де пайдалы", - дейді жас кәсіпкер Ардақ. 

Қазір кәсіпкер Қайыңды тауларындағы сан алуан шөптер мен ағаштардың тамырын, қабығын қайнатып, емдік шипалы сабын, ыдыс жуатын сұйықтық жасап, сатуда. Үйден цех ашып алған.

"Бұл жақтан таба алмаған өсімдіктерді Қытайдан алдыртамын. Сабынға ең қажеттісі – сақар. Бұрын кір жуатын қара сабынды сақардан жасағанын жұрттың бәрі біледі. Емдік бағыттарына қарай сабындарға жемжеміл, көкемарал, адыраспан, алоэ, қияр, қарт қарағай секілді өсімдіктерді қосамын. Олар әртүрлі ауруларға ем", - деп түсіндірді кәсіпкер.

Ол кәсібін кеңейтіп, гранттық конкурсқа өтінім тапсырып көрмекші. Жобасы қолдау тапсы, сусабын, балтзам өндіруді қолға алмақ. 

Әзірге сабын мен ыдыс жуатын сұйықтық шығарып, кәсібін дөңгелетіп, несібесін тауып отырған кәсіпкер ісі алға басатынына сенімді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу