Жамбылдық кәсіпкер жылыжайда 17 мың түп қызғалдақ өсіріп отыр

1295

Кәсіпкер болашақта тағы 2 жылыжай соғып, 50 мыңнан аса қызғалдақ өсірмек ниетте. 

 Жамбылдық кәсіпкер жылыжайда 17 мың түп қызғалдақ өсіріп отыр Фото: кәсіпкерден

8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында гүл сатушылардың саудасы қыза түседі. Гүл сатуды табыс көзіне айналдырған кәсіпкерлер де қыз-келіншектер асыға күтетін мерейлі мерекеде пайда тауып қалуды ойлайды. Бүгінгі таңда елімізде тәуекелі көп салаға бет бұрып, гүл бизнесі арқылы табыс тайқазанын тасытып отырған кәсіпкерлер аз емес. Дегенмен көбі тек алыпсатарлықпен айналысатынын айта кету керек. Ал Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Досжан Жамбылов гүл бизнесін кәсіп ретінде дамытып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Кәсіпкердің гүл сатумен айналысып жүргеніне 5 жыл болыпты. Бұрын гүлді жан-жақтан сатып алып, үстіне үстемақы қосып сатумен айналысса, кейінгі жылдарда ауласындағы жылыжайда гүл өсіруді қолға алыпты.

"Өткен жылы жұбайыммен ақылдасып есігіміздің алдындағы 2 сотық жерге жылыжай соғуды жоспарладық. Сөйтіп "BNK Group" компаниясымен келісімшарт жасастық. Компания 3 миллион 500 мың теңгеге заман талабына сай жылыжай салып берді. Сонымен тәуекел етіп іске кірісіп кеттік. Голландиядан 17 мың түп қызғалдақ алдырып, қызыл, сары, ақ, көк түсті лалагүл тұқымдасының 10-нан аса түрін отырғыздым. Гүлдердің күтімі жақсы болып, 75 күнде жетіліп, жайқалып шыға келеді. Ақпан айының 15-інен бастап жылыжайдан күніне 500 бен 800 дана аралығында өнім алып отырдық. Тараз қаласындағы түрлі сауда орындары мен аудандағы дүкендерге, өздері іздеп келген алыпсатарларға әр тал гүлді 800 теңгеден саттық. Қазір жылыжайда 6 адам жұмыс істейді", - дейді Д.Жамбылов.

Кәсіпкер болашақта тағы 2 жылыжай соғып, 50 мыңнан аса қызғалдақ өсіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ "Ауыл аманаты" жобасына қатысып, кәсібінің аясын кеңейтпек ниетте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу