Жамбылдық қызылшашылар өткен жылдың өнімін әлі өткізе алмай жүр

260

Жамбыл облысы бойынша 2024 жылы 11 мың гектарға қызылша егіліп, 600 мың тоннадан аса өнім жиналыпты. 

Жамбылдық қызылшашылар өткен жылдың өнімін әлі өткізе алмай жүр Фото: gov.kz

Өнімнің 440 мың тоннасын Меркі қант зауыты қабылдап, 60 мыңы Жетісу жеріне жіберілген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алайда, облыста әлі күнге дейін өнімдерін өткізе алмай жүрген диқандар да бар. Мәселен, диқан Қамбар Қатаев өткен жылы қарызданып-қауғаланып 60 гектар алқапқа тәтті түбір егіпті.

"Кеткен шығын 120 миллион теңгені құрайды. Күзде өнімімізді өткізіп, алажаздайғы бейнетіміздің зейнетін көреміз деп ойладық. Алайда, бәрі біз ойлағандай болмады. Қазір өніміміз далада тау болып үйіліп жатыр. Біршама бөлігін үсік шалды. Қалғаны шіріп бітетін болды. Алатын адам әлі белгісіз. Облысымызда күн өткен сайын ауа райы жылынып барады. Тура бір көктем келгендей. Егер дәл осылай күн жылы болып тұрса қалған қызылшамыз да түкке жарамсыз болып қалады", – деген Қамбар Қатаев қызылша егемін деп қыруар шығынға батқанын ашына жеткізді.

Ал Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаев шаруалардан шыдамдылық танытуды сұрауда. Жуық уақытта мәселе шешіледі.

"Қазіргі таңда 90-100 мың тоннаға жуық өнім (10-15 пайыз) қалды. Қалған қызылшаның 156 мың тоннасын біз Меркіге өткіземіз. 40 мың тоннасын Ақсуға, қалған 45 мың тоннасын Қырғызстанға жөнелту бойынша жұмыстар істеп жатырмыз", – деген басқарма басшысының орынбасары қаңтар айының соңына дейін қант қызылшасына қатысты мәселе толық шешілетінін жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу