Жамбылдықтар Атырауға 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді

609

Қайырымдылық іс-шарасына облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері, еріктілер, қоғам белсенділері атсалысты. 

Жамбылдықтар Атырауға 70 тонна гуманитарлық көмек жіберді Фото: inbusiness.kz

Әулиеаталықтардың атынан қызыл сумен арпалысып жатқан Атырау облысының тұрғындарына 70 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмек жөнелтілді. Қайырымдылық іс-шараға облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері, еріктілер, қоғам белсенділері атсалысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбылдықтар "Күшіміз – бірлікте!" акциясы аясында атыраулық ағайынға азық-түлік, гигиеналық құралдар, жылы киімдер, төсек-орын жабдықтары, бөтелкедегі таза су және тағы да басқа қажетті құрал-жарақтарды жинап, жөнелтті.

Жүк тиелген көліктерді жолға шығарып салмас бұрын Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, атқарылып жатқан шараның маңыздылығына тоқталды.

"Өздеріңіз білетіндей еліміздің батыс өңірінде табиғи апат орын алып, 10 өңірде төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, Мемлекет басшысының бастамасымен тиісті шаралар атқарылып жатқанымен қауіп әлі де сейілге қойған жоқ. Қиын-қыстау кезеңде жамбылдықтар қиналған отандастарымызға мүмкіндігінше қолдан келген көмегін көрсетіп жатыр" деді А.Нұралиев.

Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева өңірдегі 75 этнос өкілі қайырымдылық акциясы аясында 40 миллион теңгеден астам қаржыны көмек ретінде жинағанын айтты.

Сондай-ақ, "АMANAT" партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловтың партия тарапынан су тасқыны аймағындағы қирандыларды жою үшін 50 ерікті дайын отырғанын тілге тиек етті. Көмек қолы қажет болған кезде олар зардап шеккен аймақтарға барып, нысанды қалпына келтіруге атсалысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу