Жамбылдықтар жыл басын сән-салтанатымен қарсы алды

415

Айшыққа толы шаралардың легі Тараз қаласындағы орталық алаңда өткен "Ар ма, әз Наурыз" атты көңілді думанмен жалғасты. 

Жамбылдықтар жыл басын сән-салтанатымен қарсы алды Фото: Юрий Ким

Наурыз бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Биылғы мейрамның мазмұны бөлек, мәні жоғары. Мереке қарсаңында "Наурызнама" онкүндігі жарияланып, Ұлыстың ұлы күні жаңаша сипатқа ие болғаны белгілі. Соның аясында Тараз қаласында, аудандарда көптеген  тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылды. Айшыққа толы шаралардың легі Тараз қаласындағы орталық алаңда өткен "Ар ма, әз Наурыз" атты көңілді думанмен жалғасты,-деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Әуелі көпшілік сонау Сақ дәуірінен бастап, тәуелсіздік таңындағы кезең  бейнелегенген керуендер шеруін қарсы алды. Бұдан соң Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сөз сөйлеп, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерексімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелер шағы. Халқымыз үшін айтулы мереке, айрықша күн! 
Бұл күні – бүкіл тіршілік жаңарып, табиғат түрленіп, жаңаша кейіпке енеді. Сондықтан да бабаларымыз бұл күнді ерекше қадір тұтып, "әз Наурыз" деп атаған. Тамыры тереңде жатқан әз Наурыз дана халқымыз үшін қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.

Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – тазалыққа етене жақын халық. Осы ұлыстың ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны тазалау – ертеден келе жатқан дәстүріміз. Осылайша бұл түрлі сипатта атап өту арқылы біз ата-баба салтын берік ұстанып келеміз.

Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған әз Наурызбен тағы да құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық алып келсін!", – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Келесі кезекте "Топжарған" этномәдени орталығының өнерпаздары ұлттық ойындардан көрініс көрсетсе, "Алатау серілері" тобы, Ернар Айдар, Наркенже Серікбаева сынды танымал эстрада жұлдыздары мен К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері әсем әндерден шашу шашты.

Жалпы осы күні Орталық алаңға 15 киіз үй тігіліп, қазақ халқының өткен дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі даму тарихы бейнеленіп, қолөнер, тұрмыстық, ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер көпшілік назарына ұсынылды. Әр киіз үйге Абай ауылы, Кенен ауылы, Жамбыл ауылы секілді түрлі атаулар берілген. Бұдан бөлек фото, тағамдар, сахна аймақтары ұйымдастырылып, тұрғындардың көтеріңкі көңіл күймен тарқасуына барлық жағдай жасалды.

Бұлардан өзге қаланың барлық аумақтық округтерінде, аудандарда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде атап өтті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу