Астана қаржы орталығы ашылса, биржа эмитенттері шетелге кетпейді. Мұндай пікірді қаржы саласының сарапшылары айтты. Өкінішке қарай, қазір кей компания бағалы қағаздарын шетелдік биржаларға сатуға ынталы. Мысалы, Казмұнайгаз 2 млрд 700 млн еуро облигация шығарған. Ал оның тек 13 миллионы ғана Қазақстан қор биржасына салынған. Қалғаны сыртқа кеткен. Егер Астана халықаралық қаржы орталығы ашылса, мұндай жағдай болмайды. Себебі, елге қалталы инвесторлар, халықаралық банктер, қорлар келеді. Сөйтіп, сауда-саттықтың басым бөлігін осында жүргізеді.
Төлеген Асқаров, Қаржы саласының сарапшысы:
Алматыда үлкен капитал жоқ. Сондықтан облигациялар шетелге сатылып жатыр. Астанадағы жаңа орталық ашылса, инвесторлар келіп, құнды қағаздарды сатып ала бастайды. Біздің білуімізше, биржа көшбасшы сауда алаңдарының қатысуымен салынады. Яғни бәрі шетелдік биржалардың және инвесторлардың талабына сай болады.
Автор: Жәния Әбдібек