Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында жаңа оқу жылының ерекшелігіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жаңа оқу жылының ерекшелігі – жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу. Осы мақсатта "Цифрлық сауаттылық" және "Информатика" пәндерінің атауы өзгертілді. Биыл 12 мамырда Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі шаралар туралы" Жарлығы қабылданды", – деді ведомство басшысы.
Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі 2026-2029 жылдарға арналған Кешенді жоспарды әзірлеген.
Жұлдыз Сүлейменованың мәліметінше, алғаш рет 2030 жылға дейінгі "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы қабылданып, балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бірыңғай жүйеге біріктірілді.
"Тұжырымдаманы іске асыру үшін 10 индикатор және 158 іс-шара көзделген. 1 қыркүйектен бастап балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыруға және өмірлік тұрақтылығын дамытуға негізделген "Жеке қауіпсіздік" курсы енгізіледі. Сонымен бірге бірыңғай цифрлық мемлекеттік диагностикалық платформа енгізіледі", – деп түсіндірді ол.